Полиция қызметкері "Жыл үздігі - 2025" төсбелгісімен марапатталды
Астана қаласында Тәуелсіздік күніне орай өткізілген "Жыл үздігі - 2025" республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл айтулы шараны "Жаңа Қазақстан" инновациялық орталығы ұйымдастырып, елдің дамуы мен тәуелсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген әртүрлі сала мамандарын қолдауға бағыттады. Байқаудың басты идеясы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында айтылған ұстанымдарды негізге ала отырып, патриотизмді дәріптеу, кәсіби шеберлік пен адал еңбекті насихаттау. Сонымен қатар қоғамның дамуына қызмет етіп жүрген азаматтардың жастарға үлгі болуын қамтамасыз ету.
Республикалық байқауға еліміздің бүкіл аймағынан түрлі саланың хас шебері атанған мыңға жуық маман қатысып, бақ сынады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Атырау облысы "Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы" полиция батальонының полицейі полиция старшинасы Нұртаза Тұяқбаев бұл байқауда өңір намысын қорғап, кәсібилігі мен қызметіне деген адалдығымен көпшілікті тәнті етті.
Қазылар алқасының мұқият іріктеуінен өтіп, үздік атанған полицей "Жыл үздігі – 2025" төсбелгісімен және бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды. Бұл жеңіс полицейдің күнделікті ерен еңбегін мойындап қана қоймай, әріптестері мен жас буынға үлгі болып отыр.
Атырау облысы полицейінің осы жетістігі оның адал қызметі мен кәсіби шеберлігін айқын көрсетіп қана қоймай, үздіксіз ізденіс пен табандылықтың қандай нәтижелерге жеткізетінін дәлелдейді. Еліміздің құқық қорғау органдарының сапында осындай өз ісінің нағыз маманының болуы – қоғам үшін үлкен мәртебе.
