Полиция қызметкерлері Азия кубогінде үздіктер қатарынан табылды
Елордалық ПД қызметкерлері Қарағанды қаласында дзюдо, самбо және қазақ күресінен Азия кубогында жоғары нәтиже көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Қарағанды қаласында дзюдо, самбо және қазақ күресінен Азия кубогы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстаннан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузия мемлекеттерінен 300-ден астам мықты спортшы қатысты.
Дзюдо күресінен жарыста Астана қаласы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторлары Олжас Шынкеев пен Берік Ташмағанбетов ерекше өнер көрсетті. 100 келі салмақ дәрежесінде полиция капитаны Олжас Қасымбекұлы I орынға ие болса, полиция майоры Берік Жолдыбайұлы III орынға көтерілді.
Қос тәртіп сақшысының жүлделі орынға көтерілуі олардың жан-жақты дайындық, физикалық төзімділік және мықты рухын айқын көрсетті. Олар қызметтік міндеттерін абыроймен атқара отырып, спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға үлгі болуда.
Бұл жетістік – ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығы мен тәртіптілігінің, сондай-ақ спортқа деген тұрақты қолдаудың нәтижесі болып табылады.
Астана қаласы полиция департаменті әріптестерін халықаралық деңгейдегі жарыста көрсеткен жоғары нәтижелерімен құттықтап, алдағы уақытта да жаңа жеңістер мен толағай табыстар тілейді.
