Полиция қызметкерлері кикбоксингтен Қазақстан Республикасы кубогында ел намысын абыроймен қорғады
Полиция қызметкерлері кикбоксингтен Қазақстан Республикасы кубогында ел намысын абыроймен қорғады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласында 10-13 желтоқсан аралығында кикбоксингтен Қазақстан Республикасының кубогы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Республикалық маңызы бар бұл жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 120-дан астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Аталған бәсекеде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоғары спорттық дайындықтарын паш етіп, жүлделі орындарға ие болды.
Астана қаласы полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Махир Әлиев 91+ келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалдық жекпе-жектерде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, І орынды иеленді.
Сонымен қатар жедел қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы, полиция капитаны Ербол Тоқтаров 63,5 келі салмақ дәрежесінде жоғары деңгейдегі шеберлік танытып, тартысты кездесулер нәтижесінде ІІІ орынды жеңіп алды.
Бұл жарыс қос бірдей спортшымыздың физикалық дайындығын, төзімділігі мен жауынгерлік рухын айқын көрсетті. Полиция қызметкерлерінің осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізуі – олардың күнделікті қызмет пен спортты қатар алып жүріп, қоғамдық тәртіпті сақтаумен бірге салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап жүргенінің дәлелі.
Жүлдегер спортшыларды лайықты жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы республикалық және халықаралық жарыстарда да биік белестерді бағындыра берулеріне тілектестік білдіреміз.
