Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелге көмек көрсетті
Павлодар облысында полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелге көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөліміне кәмелетке толмаған балалары бар, қиын өмірлік жағдайға тап болған әйел көмек сұрап жүгінді. Ол ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап келгенін мәлімдеген.
Зардап шеккен азаматшаның айтуынша, соңғы уақытта жұбайы болмашы тұрмыстық себептерге бола оған агрессия танытып, психологиялық және моральдық қысым көрсеткен. Бұл жағдай уақыт өте келе жүйелі жанжалдарға, кейіннен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне ұласқан.
Оқиға туралы хабар алған полиция қызметкерлері әйел мен оның кәмелетке толмаған балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел шаралар қабылдады. Зардап шеккен әйелдің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қауіпсіз өмір сүру жағдайларын қалыптастыру үшін ол төрт баласымен бірге Павлодар қаласындағы кризистік орталыққа орналастырылды.
Кризистік орталықта әйелге психологиялық, құқықтық және моральдық қолдауды қамтитын кешенді көмек көрсетілуде. Сонымен қатар алдын алу және түсіндіру әңгімелері жүргізіліп, одан әрі әрекет ету тәртібі мен құқықтық қорғау тетіктері жан-жақты түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері азаматтарға өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда 102 нөмірі арқылы құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажеттігін еске салады. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бірде-бір фактісі назардан тыс қалмайды, ал әрбір жәбірленушіге Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында қорғау мен қажетті көмек көрсетуге кепілдік беріледі.
