Полиция Қызылорда облысының тұрғындарынан SIM-box жабдықтары мен телефон карталарын тәркіледі
Астанада полиция қызметкерлері Қызылорда облысының тұрғындарынан SIM-box жабдықтары мен телефон карталарын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде жедел уәкілдер Қызылорда облысының тұрғындарын анықтады. Олар Астанада жалдамалы пәтерлерде виртуалды абоненттік нөмірлерді тіркеуге арналған GSM-box аппаратурасын ұялы байланыс желілеріне қосқан. Белгілі болғандай, аппаратура ҚР азаматтарына қоңырау шалу бойынша алаяқтық схемаларда қолданылған.
Аталған жабдық арқылы алаяқтар өздерін банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, қоңырау шалады. Ұсталған азаматтардың бірі Telegram каналда ҚР аумағында осындай құқық бұзушылықпен айналысуды ұсынған хабарландыруды көргені анықталды. Пайдалы ұсынысқа қызығушылық танытқан жігіт «Шеф» лақап атты желіні пайдаланушыдан нұсқаулар алып, оны орындап отырған. Ол курьерлерден GSM-box аппаратурасын алып, оны қаланың жалдамалы пәтерлерінде іске қосқан, сол жерден оны полицейлер ұстаған. Атқарған «жұмыс» үшін күнделікті сыйақы 45 мың теңгені құраған.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері SIM-карталарға арналған слоттары бар GSM-box аппаратурасын, 230 SIM-картаны, 4 телефонды, банк карталарын және флэш-карталарды тәркіледі.
Ұялы байланыстың абоненттiк құрылғысының сәйкестендiру кодын, абоненттi сәйкестендiру құрылғысын құқыққа сыйымсыз өзгерту, сондай-ақ абоненттiк құрылғының сәйкестендiру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды жасау, пайдалану, тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азаматтардың әрекетінен зардап шеккен адамдар анықталуда.
– Сақ болыңыз, бөгде адамдарға және бейтаныс адамдарға өзіңіздің банктік карталарыңыздың деректемелерін және мобильді банкингке кіру кодтарын бермеңіз, – деп ескертеді Астана полициясы.