Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция самокаттарды пайдалану ережелерін қатаң сақтауға шақырады

Алматыда жыл басынан бері самокаттарды пайдалану ережелерін бұзудың 17 мыңнан астам дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және электросамокат қолданушылары тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасуда.

Тек өткен тәулікте қалалық полиция қызметкерлері жеке мобильдік құралдарды пайдалану ережелерін сақтамауға байланысты 757 құқық бұзушылықты анықтады. Жыл басынан бері мұндай деректердің саны 17 мыңнан асты.

Сонымен қатар полицейлер күн сайын тротуарлар мен жол бойына ережеге сай қойылмаған жүздеген самокатты эвакуациялауда. Қозғалысқа кедергі келтірген 900-ден астам самокат арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда самокат қатысуымен 294 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 300-ден астам адам жарақат алды, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.

- Бұл мәселе шынымен де көпшіліктің наразылығын тудырып отыр. Полиция рейдтерді күшейтіп, профилактикалық шаралар жүргізуді және кикшеринг операторларымен жұмысты жалғастырады. Қауіпсіздікке деген жауапкершілік – ата-аналарға, қолданушыларға және самокат ұсынатын компанияларға ортақ міндет, – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Полиция жүргізіп жатқан шаралардың басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру