Полиция студенттермен бірге екі мыңнан астам заңсыз сайтты бұғаттады
Түркістан облысында полиция студенттермен бірге екі мыңнан астам заңсыз сайтты бұғаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру мақсатында жыл
басында Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ-мен өзара ынтымақтастық меморандумға отырды. Бүгінде республикада алғаш болып өңірде қолға алынған құжат өз жемісін беріп, оңды істер атқарылуда.
Нақтырақ айтсақ, полицейлер оқу орнының құқықтану, ІТ-мамандығында оқитын студенттерге бекітілген кестеге сәйкес әр аптада ғаламтор желісіндегі заңсыз қызметтер ұсынатын сайттарды анықтау, жою бағытында сабақтар өткізіп келеді.
Қазіргі таңда тәжірибе алмасу, оқыту шаралары оң нәтиже көрсетуде. Яғни студенттер полициямен бірге ғаламтор желісіндегі құқыққа қайшы контенттерді анықтауға жұмылдырылды.
Нәтижесінде 2025 жылдың І тоқсанында студенттер 2026 құқыққа қайшы контентті анықтады.
Осы ретте облыстың бас полицейі М.Қабденов киберқылмыстарды анықтап, оларға тосқауыл қою мақсатында ІТ-мамандарын қызметке шақырады. Бұл бастама әлеуметтік желідегі түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтап, айтарлықтай тосқауыл болмақ.