Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция террористік акт туралы жалған хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады

Павлодар облысында полиция террористік акт туралы жалған хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құтқару қызметінен полицияға жасөспірімнің қасында террористер бар екендігі туралы хабар түскен. Аталған хабарлама бойынша полицейлер мен жедел қызметтер дереу оқиға орнына шықты. Тексеру барысында ақпарат расталмай, хабар жалған болып шықты.

- Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғаушылар Кенжекөл кентінің 14 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол сабақ арасындағы үзілісте сыныптастарының өтінішімен әзіл ретінде жедел қызметке қоңырау шалғанын түсіндірді. Жасөспірім полиция бөліміне жеткізіліп, әңгімеден кейін ата-анасының қарауына берілді. Сондай-ақ оның заңды өкілі кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД қызметкері.

Полиция ескертеді: террористік акт туралы әдейі жалған хабарлағаны үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, не осындай мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондықтан мұны оқушылардың өзі де есте ұстауы қажет. Бұдан бөлек, сот шешімі бойынша мұндай хабарламаларға байланысты шығындар мен келтірілген залалды өтеу міндеттеледі. Егер мұндай әрекетті кәмелетке толмағандар жасаса, шығынды өтеу олардың заңды өкілдеріне жүктеледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру