Полиция тұрғындарды үй жануарларын серуендету ережелерін сақтауға шақырды
Ақмола облысында үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 407-2-бабы 4-тармағының 1-бөлігіне сәйкес 1800 ит иесін жауапқа тартқан.
Мәселен, Көкшетау қаласының аулаларының бірінде жеке үйдің қақпасынан жүгіріп шыққан ит мүгедектігі бар қарт адамды қорқытқан. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Дегенмен, жануар иесіне әкімшілік шара қолданылып, ескерту жасалды. Полиция өкілдерінің айтуынша, үй жануарларының иелері белгіленген ережелерді сақтаған жағдайда мұндай жағдайлардың алдын алуға болады.
Қолданыстағы нормаларға сәйкес, ит иелері жануарларын жеке аулаларында, қашып кету мүмкіндігін болдырмайтындай жағдайда ұстауға міндетті. Үй аумағына кіреберісте ит бар екені туралы ескерту белгілері орнатылуы қажет. Сондай-ақ үй жануарларын балалар мен спорт алаңдарында, білім беру және медициналық мекемелердің аумағында, саябақтар мен қоғамдық демалыс орындарында серуендетуге тыйым салынады.
Бұдан бөлек, иелері жануарларынан кейін қоғамдық орындарда, тротуарлар мен көгалдарда тазалықты сақтауға міндетті.
Полиция қызметкерлері қарапайым ережелерді сақтау тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамда жайлы және қауіпсіз ортаның қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті.