Полиция, ТЖД және әкімдік: Қызылордада үшжақты меморандумға қол қойылды
Жергілікті әкімдіктің бастамасымен Қызылорда облысының полиция департаменті және төтенше жағдайлар департаменті дрондардың көмегімен оқыс оқиғаларды, төтенше жағдайларды мониторингілеу арқылы талдау жұмыстарын жаңа деңгейде жүргізуді қолға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы орайда Қызылорда облысы әкімдігінің ситуациялық орталығында кездесу өтіп, ортақ жобалар талқыланды.
Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Дінмұхамед Ермеков, Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сабит Ибадулла және төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров үшжақты меморандумға қол қойды.
Бұл меморандум бірлескен күш-жігерді біріктіріп, өңіріміздің табиғи және мәдени байлығына қатысты халықтың мәдени деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, меморандумның негізгі мақсаты - бірлескен іс-қимылдарды әзірлеп, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Мүдделі мемлекеттік органдар қала аумағында өрт, төтенше жағдайлар орын алғанда және экологиялық заң бұзушылықтар туындаған кезде бірлескен жұмыстарды атқарады.