Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция велосипед ұрлығының алдын алу жолдарын ұсынады

Павлодар облысында жыл басынан бері 111 велосипед ұрлығы тіркелген, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаздың жаймашуақ күндері қала тұрғындарын велосипедке отырғызып, таза ауада серуендеуге шабыттандырады. Алайда дәл осы мезгіл — екі дөңгелекті көліктерді ұрлайтындар үшін де “қолайлы маусым”. Павлодар облысы полиция департаментінің мәлімдеуінше жыл басынан бері өңірде 111 велосипед ұрлығы тіркелген.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай қылмыстардың басты себебі — велосипед иелерінің өз мүлігінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарауы. Көп жағдайда ұрланған көліктерде сәйкестендіру белгілері болмайды, бұл полиция жұмысына кедергі келтіреді.

Мәселен жуырда Павлодар қаласының полициясына шағын базардың жанында Батлер велосипедінің ұрланғаны туралы шағым түсті. Дәл осындай тағы бір өтініш облыс орталығының екінші тұрғынынан да келіп түсті. Екі жағдайда да ортақ мәселе — велосипедтердің қараусыз қалдырылғаны.

Полиция қызметкерлері ұрлықтың алдын алу үшін мынадай кеңестер береді:

  • Велосипедті адам көп жүретін жерге қалдырыңыз;

  • Қолы жетпейтін жерде орналасқан велогаражды қолдану – сенімді әдіс;

  • Қоршауға немесе тірекке бекіткенде, бекітудің беріктігіне көз жеткізіңіз;

  • Велосипедке өшірілмейтін жапсырмалар, ерекше таңбалар, жазулар жабыстыру – ұрлықтың алдын алуға көмектеседі.

Егер сіз ұрлықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз:

  • Құқық бұзушының ерекше белгілерін есте сақтауға тырысыңыз;

  • Дереу "102" нөміріне немесе "Police 102" мобильді қосымшасы арқылы хабарласыңыз.

Есіңізде болсын! Өз мүлкіңіздің сақталуы — ең алдымен, өзіңіздің жауапкершілігіңізде. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы сіз велосипед ұрлығының алдын алып, тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдетесіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру