Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция жаңа жыл қарсаңында кең таралатын кибералаяқтық схемаларын түсіндірді

СҚО-да полицейлер жаңа жыл қарсаңында кең таралатын кибералаяқтық схемаларын түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

11 ай ішінде Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернеттегі 5,6 мыңнан астам хабарландыруды тексеріп, олардың 816-сын кибералаяқтық белгілеріне байланысты бұғаттауға жіберді.

Жаңа жыл жақындаған сайын бұл жұмыс өзекті бола түседі. Полицейлер солтүстікқазақстандықтарға ескерту жасайды: мереке алдында арзан бағамен (50%-ға дейін) сатылатын шыршалар, ойыншықтар және өзге де танымал тауарлар туралы фейк-хабарландырулар көбейеді. Мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарау қажет. Сатушының адалдығына көз жеткізбей, мәміле жасауға болмайды.

Өткен жылы Петропавл қаласында әйел балабақшадағы жаңа жылдық ертеңгілікке тәтті сыйлықтар мен мерекелік әшекейлерге тапсырыс берген кезде алданып қалған. Ол алдын ала төлем жасап, кейін сатушы хабарсыз кеткен. Келтірілген шығын шамамен 60 мың теңгені құрады.

Желтоқсан айының соңында жыл сайын осындай 10–20 алаяқтық дерегі анықталады. Қылмыскерлер ресми интернет-дүкендердің көшірме сайттарын жасап, азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін. Көп жағдайда пайдаланушылар мұндай мәліметтерді тексермейді.

Жыл басынан бері СҚО-да 563 интернет-алаяқтық тіркелді — бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36 фактіге аз. "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын ілгерілету аясында полицейлер тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет кеңістігін бақылап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру