Полиция жаяу жүргіншілерге жол қозғалысы ережелерін еске салады
Полиция жаяу жүргіншілерге жол қозғалысы ережелерін еске салады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордада полиция "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы мен "Профилактика жылы: полиция – заң мен тәртіп күзетінде" аясында жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған "Жаяу жүргінші" жедел-профилактикалық іс-шараларын тұрақты түрде өткізіп келеді.
Іс-шара барысында полицейлер қаладағы ең қарбалас жаяу жүргіншілер өткелдерінде рейдтер жүргізді. Шара кезінде түсіндіру жұмыстары мен құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударылды.
Бар болғаны бір күн ішінде елорданың барлық аудандарында жолды белгіленбеген жерден қиып өткен 165-тей жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар қозғалыс қатысушыларымен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, құқық бұзушылыққа жол бермеу туралы ескертулер берілді.
Полиция ескертеді: жолды тек белгіленген жерден өту және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажет, өйткені бұл – барлық жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.