Полиция жол ережесін қатаң сақтауға шақырады
Полиция жол ережесін қатаң сақтауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бағдаршамның қызыл сигналына тоқтау – бәрімізге белгілі қарапайым ереже. Алайда бұл талапты елемей, жолды қиып өтетін жүргізушілер өз өміріне ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндіреді.
Мысалы, жуырда патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіні анықтады. Лермонтов пен Бұқар жырау көшелерінің қиылысында Audi-80 автокөлігін басқарған азамат бағдаршамның тыйым салынған сигналына қарамастан жүріп өткен. Жүргізушіге тиісті шара қолданылды.
Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Кейбір жүргізушілер жол қозғалысы ережелеріне салғырт қарап, өз әрекетінің салдарын ескере бермейді. Мәселен, осы жылы 1265 жүргізуші бағдаршамның қызыл сигналына өтіп, жауапқа тартылған.
Полиция жүргізіп отырған шаралар – тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, олардың мүлкін сақтауға бағытталған. Осы орайда полиция барлық көлік жүргізушісіне мынадай үндеу жасайды: Жолда қанша асықсаңыз да, ереже мен тәртіпті сақтаңыз. Бір сәттік жауапсыздық – орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін.