Полиция жол қозғалысына қатысты профилактиканы күшейтті
Түркістан облысында полиция жол қозғалысына қатысты профилактиканы күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінің бастығы М.Қабденовтың нұсқауымен облыс көлемінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "Қауіпсіз жол", "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Осы бағытта департамент бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев Жетісай ауданына арнайы барып, жүргізушілермен тілдесіп, профилактикалық шараларға қатысты.
Яғни патрульдік полиция қызметкерлері автокөліктердің техникалық жағдайын, құжаттарының толықтығын, жолаушы тасымалдау ережелерінің сақталуын мұқият тексерді. Жүргізушілерге жол жүру мәдениетін сақтау мен жылдамдық режимін бұзбау қажеттігін ескертті.
Тәртіп сақшыларымен атқарылған жұмыс нәтижесінде 204 құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылды. Ал "Қорғау - қауіпті жүргізуші" бағдарламасы арқылы төленбеген айыппұлдары бар 8 автокөлік анықталды. Жалпы айыптұраққа 34 автокөлік қойылды.
Облыс полициясының басшылығы мұндай тексерістер мен түсіндірме шаралары үздіксіз атқарылатынын еске салады.