Полиция жүк тасымалы және логистика саласындағы алаяқтық жағдайлары жиілегенін ескертеді
Полиция жүк тасымалы және логистика саласындағы алаяқтық жағдайлары жиілегенін ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаменті, жүк тасымалы және логистика қызметтерін сылтауратып жасалатын алаяқтық деректерінің артқанын тіркеді. 2025 жылдың басынан бері қалада осындай 11 қылмыс анықталды. Жәбірленушілердің қатарында кәсіпкерлер, ұйымдар мен жеке тұлғалар бар.
Алаяқтар танымал интернет-платформалар мен жүк тасымалдауға арналған сайттар арқылы әрекет етеді. Олар өздерін логист немесе тасымалдаушы ретінде таныстырып, өз қызметтерін ұсынып, алдын ала төлем алады сосын байланыссыз кетеді.
- Біз кәсіпкерлердің сенімін пайдаланатын тұрақты тізбектің бар екенін көріп отырмыз. Көп жағдайда қаскөйлер танымал хабарландыру сайттары арқылы байланысқа шығып, жалған қызметтер ұсынады. Азаматтарды сақ болуға шақырамыз: бейтаныс адамдарға тексерусіз ақша аудармаңыздар, тасымалдаушылардың беделін мұқият тексеріп, тек ресми тіркелген компаниялармен келісімшарт жасаңыздар, – деді Алматы қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.
Полиция кеңес береді:
• Құқықтық түрде рәсімделген келісімшартсыз алдын ала төлем жасамаңыз;
• Қарсы тараптың телефон нөмірін, ЖСН/БСН, интернеттегі пікірлерді тексеріңіз;
• Тексеруден өткен, қауіпсіз төлем жүйесі бар платформаларды қолданыңыз;
• Күмән туған жағдайда, жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жүгініңіз.