Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция жүргізушілерге жол апатының алдын алу үшін ерекше форматта ескерту жасады

Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолында полиция департаменті жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған акция ұйымдастырды. Жүргізушілер бұл жолы әдеттегі тексеріс емес, қойылымға қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Акцияның басты мақсаты – жылдамдықты асырудың қауіптілігін еске салу. Полиция мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 31 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 11 адам қаза тауып, 54 адам жарақат алған.

— Жайсыз оқиғалардың көбі республикалық маңызы бар трассаларда болады. Мәселен, тамыз айында дәл осы жолда Kia мен Волга көліктері соқтығысып, бір адамның өмірі қиылды. Біздің мақсатымыз – жүргізушілерге ескерту жасап қана қоймай, олардың ойына әсер ету, — дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Олеся Бабич.

Жол жиегінде қираған көлік, полиция, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері апат орнындағыдай әрекет етті. Шынайы қойылым жүргізушілерді бейжай қалдырмады. Кейбірі жылдамдықтарын бәсеңдетсе, енді біреулері оқиғаны түсініп болғанша телефондарына түсіріп алды.

Қойылымнан кейін полицейлер жүргізушілерді тоқтатып, құжат тексерген жоқ. Олар жолда абай болуды, шаршаған жағдайда аялдап, демалып алуды ескертіп, жадынамалар таратты. Сонымен бірге су ұсынып, ұзақ жолда сергек жүруге кеңес берді.

Свердлов облысынан келген жүк көлігін жүргізушісі Саид акция туралы өз әсерімен бөлісті. —

- Алғашында нағыз жол апаты болды деп ойладым. Бірақ полицейлердің заң бұзушылықты бақылап қана қоймай, сөйлесіп, демалуға кеңес бергені ұнады. Шынында да, жол ауыр, — деді ол.

Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар статистикалық мәліметтен гөрі жүргізушілерге эмоциялық тұрғыдан көбірек әсер етеді. Өйткені сандардың артында нақты адамдардың тағдыры жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру