Полициядағы нәзік күш: Гүлжан Әлібаева туралы сыр
Әйел адамның қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Құқық қорғау органдарындағы қызмет те бұл үрдістен тыс емес. Құқық қорғау саласының қатал тәртібі мен жоғары жауапкершілігін өз мойнына алған нәзік жандылардың еңбегі, әсіресе, әкімшілік қызметтегі мамандардың үлесі елеулі. Солардың бірі жөнінде Polisia.kz сайты назарларыңызға ұсынады.
Осындай өз ісінің нағыз кәсіби маманы, адалдық пен мейірімділікті үйлестіре білген жанның бірі – Гүлжан Әлібаева. Ол 2009 жылдан бері сыртқы коммуникациялар тобының жетекші маманы ретінде мемлекеттік тілде құжаттарға сараптама жүргізу жұмыстарымен айналысып келеді. Көпшілік оның қызметін көзге түспейтін, бірақ қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды буын деп бағалайды.
Гүлжан Мұсайлынқызы қызмет жолында өзіне тән салмақтылық пен кәсіби жауапкершілікті жоғары қояды. Әріптестері оны жанашыр, мейірімді әрі өз ісіне шын берілген жан ретінде құрметтейді. Ол жұмыста салқынқандылық пен тектілікті сақтай отырып, адамдарға деген жан жылуын жоғалтпайды. Оның әр сөзі мен әрекеті сенімділік пен шынайылыққа негізделген.
- Әйел адамның түйсігі мен сезімталдығы қиын жағдайларды шешуде көп көмектеседі. Кейде адамдарға жай ғана шыдамдылық танытып, мұқият тыңдап, түсіністікпен қараудың өзі – мәселенің шешімі бола алады, – дейді Гүлжан.
Кәсіби шеберлігімен қатар, Гүлжан отбасына да үлкен көңіл бөледі. Ол – жанұясының ұйытқысы, сүйікті жары және үш баланың аяулы анасы. Жолдасы Санат – әскери қызметкер, Ұлттық ұланда борышын өтеп жүр. Балалары – Айнагүл, Әділхан және Санжар ата-анасының үлгісін көріп өсіп келеді.
Ол қызмет пен отбасы тірлігін ұштастырып, шаңырағында жылылық орнатқан қамқор жан. Туған-туыстары мен әріптестері оның дәмді тағамдары мен ыстық ықыласына әрдайым сүйсінеді. Бұл оның кез келген іске махаббатпен, бар ынтасымен кірісетінін айқындайды.
8 наурыз – көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында Гүлжан секілді өз ісіне берілген, жүрегі мейірімге толы нәзік жандыларға алғыс айтқымыз келеді. Олардың еңбегі сырт көзге байқалмаса да, қоғам тыныштығы мен тәртібін сақтаудағы маңызы зор.
Құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген барлық әйелдерді осы жарқын мерекемен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілейміз! Сіздер батылдық пен нәзіктікті, күш-қайрат пен мейірімділікті үйлестіре білген жандарсыздар. Сіздердің жанкешті қызметтеріңіз бен адал еңбектеріңіз әрқашан құрметке лайық.