Полицияға жалған хабарлама берген қызылордалық қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Полицияға жалған хабарлама берген қызылордалық қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласының тұрғыны телефон арқылы өзінің үйінің жанында жарылғыш зат жатқаны жөнінде полицияға хабарлаған. Аталған мекенжайда жару-техник мамандарымен тексеріс жүргізілді, онда жарылғыш зат анықталған жоқ.
Қызылорда облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жалған хабарлама берген 38 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны анықталып, оған қатысты ҚР ҚК-нің 273 – бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу барысында жалған хабарлама берген азамат өзінің туыстарына ызаланып, масаң күйде хабарлама бергені белгілі болды.
Қызылорда қалалық сотының үкімімен жалған хабарлама берген азаматқа 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.