Ақмолада полицияға жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген күдікті ұсталды
Ақмолада полицияға жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола полицейлері ағымдағы жылдың 7 сәуірінде Көкшетау қаласындағы «Арбат» сауда үйінің аумағында жарылғыш зат салынғаны туралы хабарлаған ер адамның жеке басын анықтады.
Оқиға орнына барлық күштік құрылымдар, шұғыл және арнайы қызметтер жіберілді, қызметтік техника жұмылдырылды, жақын маңдағы аумақ қоршалды. Іздеу шараларын жүргізу нәтижесінде жарылғыш зат табылған жоқ.
Аталған факті бойынша Полиция департаментінің тергеу бөлімі 273-бап (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша сотқа дейінгі іс қозғады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақмола облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының, Көкшетау қаласы ПБ-ның қызметкерлері Алматы қаласы ПД криминалдық ПБ-ның қызметкерлерімен бірге Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы аумағында бұрын сотталған 42 жастағы Алматы қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Ақмола полицейлері ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталатынын және бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтінін еске салады.
Ақмола облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының ақпараты бойынша тек соңғы үш жылда Ақмола облысының аумағында салынған жарылғыш құрылғылар туралы 15 жалған хабарлама тіркелген, оның ішінде 2019 жылы – 10 факт, 2020 жылы екі факт, 2021 жылы үш факт.
Мұндай іс-шаралар айтарлықтай күш пен қаражат тартуды талап етеді. Осыған байланысты кінәлі тұлғалар терроризм актісі туралы көрінеу жалған шақырулар бойынша оқиға орнына шығуға байланысты шұғыл қызметтерді шақырутартуға байланысты мемлекеттің шеккен шығындарын өтеуге міндетті.