Полицияның сервистік моделі: қоғам қауіпсіздігін арттыру
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жиында криминогенді жағдай, интернет-алаяқтықтың алдын алу, «Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасын енгізу мәселелері қаралды. Атырау облысы Полиция департаменті басшысы Нұрхат Оразбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны – 4,1%-ға, оның ішінде қылмыстар 4,4%-ға төмендеген.
– Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын жандандыру бағытында жүргізілген бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде, есепті мерзімде облыс көлемінде тіркелген жалпы алаяқтық қылмыстарының саны – 28,8 пайызға төмендеген. Соңғы жылдары заманауи техникалық құралдарының дамуымен қатар, ғаламтордағы алаяқтық қылмыстары да дамып, кеңінен таралуда. Есепті мерзімде тіркелген алаяқтықтардың 44,3 пайызын ғаламтор арқылы жасалған алаяқтықтар құрап отыр. Осы жылдың 25-27 сәуір аралығында облыс аумағында ақпараттандыру және байланыс саласындағы қылмыстардың жолын кесу және ашу мақсатында «Контрафакт» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді. Жедел профилактикалық іс-шара барысында 15 алаяқтық қылмысы ашылды, – деді департамент басшысы.
Сондай-ақ, департамент басшысының орынбасары Берік Амангелді «Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасын енгізу туралы ақпарат берді.
– Полицияның сервистік моделін дамытуда үш негізгі вектор айқындалып отыр. Біріншісі – азаматтардың полицияға қолжетімділігін барынша жеңілдетуге бағытталған қадамдық қолжетімділік. Екінші басты миссия – қауіпсіздік сезімін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Үшіншіден, бұл – халықпен тығыз серіктестік, себебі қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары, көбінесе, жергілікті маңызға ие. Оларды тиімді шешу жергілікті қоғамдастықтың белсенді қолдауымен ғана мүмкін болады. Осы бағытта учаскелік полиция инспекторлары халықпен жүйелі түрде кездесулер өткізуде, – деді Берік Амангелді.
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов полицияның сервистік моделі жобасының басымдыққа ие міндеті тұрғындар қауіпсіздігі және құқық бұзушылықтың алдын алу жолындағы жұмыстарды қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.
– Қандай да бір мәселе болса уақытылы дер кезінде шешілуі тиіс. Бұл жоба бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Негізгі бағыттар бойынша жұмыстарды қолға алып, қауіпсіздікті күшейту қажет. Халықпен тікелей байланысты күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жергілікті полиция қызметінің жұмысын жаңғыртуды жалғастыру керек, – деді облыс әкімі.
Жиын соңында өңір басшысы жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен тұрғындар арасында заң бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүргізуде мемлекеттік ұйымдардың бірлескен шаралар қабылдауын тапсырды.