Павлодар облысында балық аулау ережесін бұзған 12 азамат жауапқа тартылды
Ақсу өңірінде балық аулау ережесін бұзған 12 азамат жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу өңірінде "Уылдырық шашу" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында балық аулау және су биоресурстарын қорғау қағидаларын бұзған 12 азамат жауапқа тартылды.
Сарышағанақ ауылы маңындағы Ертіс өзенінің Тентек тармағында жүргізілген патрульдеу кезінде учаскелік полиция инспекторлары тыйым салынған "кривда" құралын, яғни кастинг торын пайдаланып заңсыз балық аулаған азаматты ұстады.
Полиция еске салады: өңірдегі дала және тұщы су айдындарында, соның ішінде Ертіс өзенінде жайылмалы су аймақтарында балық аулаудың барлық түрлеріне уақытша тыйым салынған. Сонымен қатар Қаныш Сәтбаев атындағы арнаның бойында да, балық шаруашылығына арналған учаскелерде қарақұйрық, алабұға, шортан сынды балық түрлерін аулауға, сондай-ақ тұзды су айдындарында асшаян кисталарын жинауға қатаң тыйым салынады.
Тәртіп сақшылары табиғатты қорғау заңнамаларын мүлтіксіз сақтауға және су ресурстарына ұқыппен қарауға шақырады.