Президенттік көпсайыстан 3 дүркін ҚР жеңімпазы елорда полициясында қызмет етеді
Елорда полициясы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін аянбай қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларымен танымал. Осындай қызметкерлердің бірі – Ізбасар Мұсабеков туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Ізбасар Мұсабеков 1991 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданы Жанбөбек ауылында дүниеге келген. Бала кезінен алғыр, оқуда да, спортта да жоғары көрсеткіштерге ие болған. 10 жасында спортқа қызығушылық таныта бастаған ол, спорттық жарыстарға үнемі қатысып жүруді әдетке айналдырған.
Мектепті тәмамдаған соң, ол Астана қаласы гуманитарлық колледжінің дене тәрбиесі және спорт мамандығына оқуға түседі. Спортқа деген қызығушылығымен қатар полиция қызметкері болуды армандаған Ізбасар колледжден кейін құқықтану мамандығын меңгеріп шыққан.
Ол өзінің қызметтік жолын 2014 ІІМ мамандандырылған күзет қызмет басқармасында бастап, бүгінде полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының взвод командирі болып қызмет атқаруда. Өзінің кәсібилігі мен ерлігі арқасында ол қызмет барысында көптеген алғыс хаттар мен марапаттарға ие болған.
Ізбасар өзінің спорттық жетістіктерімен танымал. Атап айтқанда президенттік көпсайыстан 3 дүркін ҚР жеңімпазы, жеңіл атлетикадан спорт шеберіне үміткер, футбол және волейбол түрлерінен ҚР ІІМ чемпионы.
Оның спорттағы жетістіктері физикалық дайындығы мен күш-жігерінің жемісін көрсетеді.
Бүгінде 33 жастағы тәртіп сақшысы президенттік көпсайыстан, жеңіл атлетикадан Астана қаласының құрама командасының қатарында, футбол мен волейбол ойындарынан ІІМ ПД құрамасында өз өнерін көрсетіп жүргені бәрімізге мақтаныш.