Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Приозерскіде "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Приозерскіде білім бөлімінің "№1 жалпы білім беретін мектебі" КММ-де "Жас сақшы" сыныбының ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Жас сақшы" полиция сыныптарын құру – Ішкі істер министрлігінің басым жобаларының бірі. Бұл бастама оқушылар арасында патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және болашақ мамандықты таңдауда бағыт-бағдар беруге арналған. Жоба Қарағанды облысының полиция департаменті мен облыстық білім басқармасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылып отыр.

Аталған сыныпқа мектептің 5 "Ә" сыныбының оқушылары толық құраммен қабылданды. Салтанатты жиынға Приозерск қаласы әкімінің міндетін атқарушы Т.Айдарханов, Қарағанды облысы полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Дильмаганбетов, Приозерск қаласы полиция бөлімінің бастығы Азамат Сметов, сондай-ақ бірқатар полиция қызметкері мен қала прокуроры Рауан Тобықов, жастар ресурстық орталығының басшысы Әділбек Бердімуратов, қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлә Қасымова, әдістемелік кабинет әдіскерлері және орта білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Жиын барысында 5-сынып оқушылары салтанатты түрде ант қабылдап, "Жас сақшы" сыныбының толыққанды мүшесі атанды. "Жас сақшы" куәліктерін тапсыру рәсімін Приозерск қаласы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Әсет Әлдубаев жүргізді.

Салтанатты шарада қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, оқушыларға сәттілік тіледі. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың бойында ерлік пен батырлық рухын, жоғары жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етері сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру