Пробация есебіндегі азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды
Қазалы ауданы пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азамат өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретін мемлекеттік грант ұтып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазалы аудандық пробация қызметі пробация есебінде тұрған сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмекті белсенді көрсетіп келеді. Нәтижесінде аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар қоғамға бейімделіп, білім алып, өз кәсібін бастауға тырысуда.
Осындай сотталған азаматтардың біреуі 2020 жылдың тамыз-қыркүйек аралығында «Бизнес бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері оқу курсын аяқтаған болатын.
Курсты аяқтаған азамат бизнес жоспарын құрып, комиссияға ұсынды. Комиссияның оң шешіміне сәйкес оған мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант ретінде 555 666 теңге көлеміндегі сертификат табысталды. Осы қаржыға аталған азамат шағын кәсіп ашып, мал шаруашылығымен айналысуға ниеттеніп отыр.
Аудандық пробация қызметі бастығының айтуынша, бірінші кезекте, жұмыссыз сотталғандар жұмыспен қамтылады. Егер олардың білімі болмаса, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша курс оқиды.
Жыл басынан бері пробация есебіндегі төрт сотталған азамат «Бизнес бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері оқу курсын аяқтап, бірі мал бордақылау цехын ашса, екіншісі шаштараз, үшіншісі сметалық жоба дайындау бойынша жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.
Мен сияқты жұмысын енді бастаған адамдарға қайтарымсыз гранттар көп көмегін тигізеді. Бізді сотталған деп бөлмей, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, көмектер беріліп жатыр. Өз кәсібімді ашуыма әлеуметтік- құқықтық көмек көрсетіп, құжаттарымды тиісті органдарға жолдап, жөн көрсеткен аудандық пробация қызметкерлеріне алғыс айтамын, – деді пробация есебіндегі азамат.