Пробация есебіндегі азаматтар Қорқыт ата кесенесіне барды
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтар Қорқыт ата кесенесіне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды қайта әлеуметтендіру мақсатында аудандық жастар ресустық орталығы мен аудандық пробация қызметі бірлесіп, пробация есебінде тұрған сотталған азаматтардың қатысуымен «Қорқыт атаға тағзым» атты мәдени іс-шара өткізді.
Түркі дүниесінің қайталанбас дара тұлғасы Қорқыт атаның жамбасы тиген қасиетті Қармақшы жеріндегі Қорқыт ата кешеніне келген қонақтарды кешеннің меңгерушісі мен қызметкерлері қарсы алып, қонақтарды Қорқыт ата мұражайының экспонаттарымен таныстырды.
Келген қонақтар Қорқыт ата туралы аңызды тыңдап, қобыз бейнесінен, желдің көмегімен шығып тұрған қобыз үнінен әсер алды.
Іс-шара соңында пробация есебіндегі азаматтар Қорқыт ата ескерткішінің басына барып, өлі әруақтарға құран бағыштап, дәмнен ауыз тиді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – Қармақшы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрлеріне тартылған азаматтардың сауатын арттыра отырып, олардың өмірге деген көзқарасын өзгерту және түзелу жолына түсуіне ықпал ете отырып, қылмыс әлемінен алшақтату болып табылады.