Пробация есебіндегі азаматтарды қоғамнан шет қалдырмады
Есепте тұрған азаматтар қоғамнан шет қалмайды,- деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.
Қазалы аудандық пробация қызметі, аудандық спорт және туризм бөлімімен және «Самұрық» иновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорымен бірлесіп аудандық Жалаңтөс батыр атындағы орталық стадионда пробация қызметі есебіндегі сотталғандар арасында қол күрес, армрестлинг, тир ату, шахмат, дойбы спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырды. Жарысқа пробация есебіндегі 25 сотталған қатысты. Қызықты да тартысты өткен додада тир атудан 6 оқтың 5-еуіне дөп тигізіп, мергендік танытқан Б. есімді азамат І орынды жеңіп алса, шахматтан шапшаң ойлау қасиетімен барлығын шаң қаптырған А. есімді азамат жеңімпаз деп танылды. Тартысты өткен додаға аудандық спорт бөлімінің қызметкерлері қазылық етті. Шара соңында жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар медальдармен және кубокпен марапатталды.
«Пробация есебіндегі азаматтармен түрлі деңгейлердегі спорттық жарыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып тұрамыз. Аталған азаматтардың қоғамнан шетте қалмауын, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған игі шаралар да алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады» – деді Қазалы аудандық пробация қызметінің бастығы әділет подполковнигі Е.Сражатов.