Пробация есебіндегі көпбалалы отбасыға көмек көрсетті
Қызылорда облысында пробация есебінде тұрған көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Корнавирусқа қарсы күресті күшейту, көмекке аса мұқтаж тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік қолдау мақсатында Қазалы аудандық пробация есебіндегі сотталғандарға көмек көрсетілді. Қазалы аудандық әйелдер кеңесі пробация есебінде тұрған көпбалалы үш сотталған азаматтың отбасына азық- түлік таратты. Сонымен қатар, пробация қызметкерлері есепте тұрған азаматтарға карантин талаптарын сақтап, үйден шықпау керектігін, тіркеу мен тексерулер телефон байланысы мен әлеуметтік желілер арқылы жүргізілетінін айтып, ескертті.
«Мемлекет тарапынан індетті таратпау, елдің денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Осы қиын сәтте аудандық пробация есебінде тұратын азаматтарға демеушілердің қолдауымен азық- түлік тараттық. Төтенше жағдай жариялануына байланысты пробация есебінде тұратын үш сотталған азаматтың жеке кәсібі тоқтап қалған еді. Осы азаматтарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем алу үшін пробация қызметі тарапынан тиісті құқықтық көмегімізді көрсеттік», – деді аудандық пробация қызметінің басшысы Ербол Сражатов.