Пробация есебіндегі сотталған азамат ағаш өңдеу цехын дамытып отыр
Пробация есебіндегі сотталған азамат ағаш өңдеу цехын дамытып отыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі есебінде тұрған азаматтар мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жеке кәсіп ашып, өз еңбегімен қоғамға бейімделіп келеді. Солардың бірі — Жаңақорған ауданында тұратын азамат.
2023 жылы ол мемлекеттік грант бағдарламасы аясында қайтарымсыз қаржы ұтып алып, ағаш өңдеуге арналған заманауи станоктар сатып алған. Осылайша өз ағаш өңдеу цехын ашып, кәсібін бастады.
– Кез келген өлшем мен пішіндегі ағаш бұйымдарын жасап беремін. Қазір тапсырыс көп, тұтынушылардың талабы да жоғары. Барлығын уақытында орындауға тырысамын. Бәрі бірден оңай болған жоқ — екі жыл ішінде цехымды кеңейтіп, тұрақты табыс табуға қол жеткіздім. Кәсіп ашу — бала күнгі арманым еді. Сол арманның орындалуына қолдау көрсеткен аудандық пробация қызметіне алғысым зор. Қазір өзіммен бірге екі азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр, – дейді жеке кәсіпкер.
Жаңақорған аудандық пробация қызметінің бастығы Анарбек Искаковтың айтуынша, бүгінде пробация есебінде тұрған жеті азамат мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, түрлі бағытта кәсіптерін дамытып келеді.
– Қайта әлеуметтендіру және әлеуметтік бейімдеу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Есептегі азаматтардың арасында ағаш өңдеу цехын ашқандар, газоблок өндірісін жолға қойғандар және мал шаруашылығын дамытып отырғандар бар. Мұндай қолдау шаралары олардың қоғамға қайта бейімделуіне және жаңа өмір бастауына үлкен мүмкіндік береді, – деді ол.
Пробация қызметі мамандарының пікірінше, мемлекеттік гранттар мен әлеуметтік қолдау тетіктері сотталған азаматтардың еңбек арқылы түзеліп, өз кәсібін ашып, отбасылық және қоғамдық өмірге қайта араласуына зор серпін беріп отыр.