Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Пробация қызметіндегі погон таққан арулар

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы қос иығына погон тағып, ерлермен қатар елі мен жерінің тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген арулар жайлы ақпарат ұсынбақ.

Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы Жалғас Есмахановтың айтуынша, қалалық пробация қызметінде 22 қызметкер жұмыс жасайды. Оның 15-і нәзік жандылар. Погон таққан аруларымыз қылмыс әлеміне табаны тиген азаматтарды өмірге қайта бейімдеп, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп, қайта қылмыс жасамауы үшін де профилактикалық жұмыстар жүргізеді .

Осындай қызметтің ауырлығына қарамай, адал қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Өзі нәзік болса да 10 жылға жуық ерлермен иық тіресе жұмыс жасап келе жатқан Қызылорда қалалық пробация қызметінің инспекторы, әділет капитаны Мөлдір Серікбайқызы.

Ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Екі жоғары мамандық иесі еңбек жолын Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторынан бастаған. Жалындап келген жас маман жұмысқа құлшына кірісті. Өзіне жүктелген қызметті абыроймен атқарып, осы саланың ыстығына күймей, суығына тоңбай қызметтік қабілетін шыңдады. 

Тәжірибе жинақтаған жас маман 2014 жылы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Байқоңыр қалалық пробация қызметінің инспекторы лауазымына тағайындалды.

Пробация қызметінде жұмыс атқарған сегіз жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарып, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түріне сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімдеп, психологиялық, құқықтық әлеуетін жетілдіруге зор ықпалын тигізеді.

– Бала кезден құқық қорғау қызметкерлерінің ант қабылдап, еліне адал қызмет етіп, батырлығы мен батылдығына қызығып өстім. Содан да болар, осы саланы таңдағаныма өкінбеймін. Бала арманым орындалып, ҚАЖ саласын қиын болса да үйреніп, капитан шеніне дейін жетіп отырған жайым бар. Отбасыммен қызметімді қатар алып жүрмін. Баламды да тәрбиелеп, үй жұмысына да үлгеремін. Жолдасым қызметіме түсіністікпен қарайды, – деді нәзік жанды әділет капитаны. 

Сонымен қатар, Қызылорда қалалық пробация қызметінің ең жас қызметкері Зарина Мұратқызы ішкі істер органының қызметкері болуды балалық шағынан армандаған. Өзінен үлкен әпкесінің нысанды киіміне қызығып, ішкі істер саласында жұмыс істеуді мақсат еткен.

2018 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін ҚР ІІМ-нің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсті. Қазіргі таңда соңғы курсында қалалық пробация қызметінде ювенал тобының инспекторы болып практикадан өтеуде.

– Үйде бес баламыз. Мен ортаншысымын. Бұл мамандықты таңдағаныма ата-анам қарсы болмады. Керісінше, әкем мені қолдап, ақылын айтып отырады. «Антыңа адал болып, еліңе қызмет ету басты парызың» дейді әкем. Жас маман болсам да қызметке бірден кірісіп кеттім. Өйткені сабақ барысында оқытушылар сотталған азаматтармен тікелей жұмыс жасайтынымызды айтып, теория жүзінде үйреткен. Сондықтан маған қызметім ешқандай қиындық тудырмады, – дейді курсант Зарина Мұратқызы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру