“Пробация” ЖПІШ: Павлодар облысының тәртіп сақшылары есептегі 522 адамды тексерді
Павлодар облысының тәртіп сақшылары “Пробация” іс-шарасы барысында есептегі 522 адамды тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында 14-23 наурыз аралығында Павлодар облысының аумағында полиция қызметкерлері «Пробация» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
– Пробация қызметінің есебінде барлығы 1 463 адам бар. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандардың саны – 235, ал бақылаудағылардың саны 41 адам. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер 522 есепке алынған адамды тексерді, нәтижесінде 16 құқық бұзушылық анықталды, бір қылмыс “ізін суытпай” ашылды, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Осылайша, полиция қызметкерлері ЖШС-нің бірінің аумағынан мыс кабелін ұрлады деген күдікпен 30 жастағы ер адамды ұстады. Белгілі болғандай, ер адам бұрын сотталған екен. Оған қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.