«Қадағалау»: Шымкентте 400-ден астам адам ІІО-ның есебіне алынды
Шымкентте 400-ден астам адам ішкі істер органдарының есебіне алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы аумағында пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандардың жаңадан құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында 10 наурыздан бастап “Қадағалау” профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Іс-шара барысында ішкі істер органы есебінде тұрған жалпы 4501 адам мекенжайы бойынша тексерілді, сот белгілеген шектеулерді бұзғаны және құқық бұзушылық жасағаны үшін екі тұлға түзеу мекемесіне жіберілді.
Сондай-ақ, 423 адам ішкі істер органдарының есебіне алынды. Әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы бұзғаны үшін екі азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 480-бабымен (Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк қадағалау туралы заңнамасын бұзу) хаттама толтырылды.
Ал сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін жеті тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 2-бөлігімен (Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қорғау нұсқамасын бұзудың 8 жайты анықталды.Алкогольдік ішімдіктен емдеу үшін арнайы профилактикалық емдеу мекемесіне мәжбүрлі түрде 8 адам орналастырылды.