Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қағбаға апарар жол: Маңғыстауда пробация қызметкерлері қажылыққа аттанған шетелдікке көмектесті

Маңғыстауда пробация қызметкерлері қажылыққа аттанған шетелдікке көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кейде жанашырлық пен ізгілік күтпеген жерден, дәл ең қажет сәтте жолығады. Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында болған мына бір оқиға соның айқын дәлелі.

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті Түпқараған аудандық пробация қызмет бөлімінің қызметкерлері қасиетті Меккеге бет алған жолаушыға дер кезінде қол ұшын созып, үлкен адамгершілік пен кәсібиліктің үлгісін көрсетті.

Қызметтік іссапар кезінде пробация бөлімінің бастығы Индира Нәрімбетова мен инспектор Марат Озғанов жол жиегінде абдырап тұрған ер адамды байқап, дереу тоқтайды. Шаршап-шалдығып, қалжыраған азаматтың жағдайын сұрастырған олар оның Өзбекстан Республикасының азаматы екенін анықтайды. Ол 3 мамыр күні Бұхара қаласынан велосипедпен жолға шығып, Сауд Арабиясының Мекке қаласына қажылыққа баруды мақсат еткен.

Мыңдаған шақырымды артқа тастап, Қазақстан аумағы арқылы жүріп өткен ол Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылына жеткенде жолдан жаңылып, байланыссыз әрі навигациясыз қалып қойған. Қазақ тілін білмегендіктен, маңайын бағдарлай алмай, Түпқараған ауданының әртүрлі елді мекендеріне — Форт-Шевченко қаласы мен Сайын Шапағатов және Ақшұқыр ауылдарына тап болған.

Азаматтың ауыр жағдайына бейжай қарамаған пробация қызметкерлері жан-жақты көмек көрсетті: телефонына навигациялық қосымшалар орнатып, бағыт-бағдар беріп, алдағы сапарын қалай жалғастыру керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар жол үстіндегі қажеттіліктерін өтеу үшін қаржылай да қолдау көрсетті.

Күтпеген қамқорлық пен мейірімге толы бұл жәрдем жолаушыны ерекше тебірентті. Өзге елде жүріп дәл осындай жанашырлық пен адами жылулыққа жолығамын деп ойламаған ол қазақстандық қызметкерлерге шынайы алғысын білдірді.

Бұл оқиға — пробация қызметінің тек құқықтық қадағалау шеңберінен тыс, адамгершілік пен кәсіби жауапкершілікті қатар алып жүретінінің жарқын дәлелі. Қызметтік борышпен қатар, ізгілік пен жанашырлық таныту – нағыз қызметкердің келбеті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру