Қайсарлық пен нәзіктікті ұштастырған ару
Ішкі істер органдарында қызмет ететін әрбір жан – табандылық пен адалдықтың үлгісі. Бұл қатарда ерлермен тең иық тірестіре еңбек етіп, батылдық пен нәзіктікті үйлестіре білген арулар да бар. Солардың бірі – Алматы облыстық полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Еңлік Ережепбаева. 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Polisia.kz сайты погон таққан қайсар жан туралы айтып береді.
Мақсатқа бастар жол
Еңлік бала күнінен полиция қызметкері болуды армандады. Ал спорт оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Күрес мінезін шыңдап, төзімділік пен рухани күш-жігерді қалыптастырды.
– Мен ешқашан таңдауыма өкінген емеспін. Отбасым, әсіресе әкем менің шешімімді қолдады. Оның өмірлік кеңестері мен үшін басты бағдар болды. Әкем берілмеуге, әрдайым алға ұмтылуға және кез келген қиындықты еңсеруге үйретті, – дейді ол.
Погон таққан арудың ішкі істер саласындағы еңбек жолы осыдан 14 жыл бұрын басталды. Ол түрлі қызметтерді атқарып, соның ішінде криминалдық полиция құрамында күрделі жедел тапсырмаларды орындады. Кейін қылмыспен күрестің алдыңғы шебінде жүретін ЖҚАЖ сапына қосылды.
– Арнайы жасақта қызмет ету – толықтай сол іске берілуді, мықты физикалық дайындық пен темірдей төзімділікті талап етеді. Бұл жерде ер немесе әйел деп бөлінбейді. Барлығы – кез келген жағдайда шешім қабылдай алатын кәсіби мамандар, – дейді Еңлік.
Қазіргі таңда кейіпкеріміз тәжірибелі нұсқаушы. Жас қызметкерлерге тәлімгерлік етіп, арнайы дайындық сабақтарын өткізеді.
Спорт – мінезді шыңдайды
Жедел жасақ жауынгеріне қажет ең басты қасиеттердің бірі – шапшаңдық пен тез шешім қабылдау. Бұл тұрғыда Еңліктің спорттағы жетістіктері оның сенімді серігіне айналды. Ол – самбодан спорт шебері, дзюдодан спорт шеберлігіне кандидат, көптеген жарыстың жүлдегері.
– Спорт адамды тәртіпке үйретіп, табандылыққа баулиды. Қайсарлық пен мақсатқа деген ұмтылыс – тек спортта ғана емес, қызметте де, өмірде де қажет қасиеттер, – дейді ол.
Жаттығулар, оқу-жиындар, жарыстар – мұның бәрі үлкен еңбек пен төзімділікті талап етеді. Бірақ Еңлік үшін бұл жай ғана қызығушылық емес, өмір салты.
Музыка – рухани тыныс
Қызмет пен спорттан бөлек, Еңлік үшін тағы бір маңызды дүние – музыка. Ол – көп жыл бойы "Жетісу" этно-ансамблінің солисі болып, халықтық және эстрадалық әндерді орындаған талантты әнші. Оның ерекше дауысы республикалық байқауларда жоғары бағаланып, жүлделі орындарға ие болды. Олардың қатарында 2017 жылы өткен "Ән салады мамандар" телевизиялық жобасының гран-при жүлдесі мен 2015, 2016 жылдары "МКҚБ аруы" атағын иеленуі бар.
– Музыка – адамның жан дүниесін байытып, шабыт сыйлайтын ерекше күш. Кейде ауыр жұмыс күнінен кейін сүйікті әнімді тыңдасам, шаршауым бірден басылады. Қызметімді, спортты және өнерді қатар алып жүргеніме қуанамын, – дейді ол.
Әріптестері оның әсем даусы жауынгерлік рухты көтеріп, сенім мен жігер сыйлайтынын айтады.
«Басты тірегім – отбасым»
Қызметте – білікті маман, сахнада – жүректерді тербейтін әнші, ал үйде – аяулы ана. Еңлік – екі ұлдың ардақты анасы.
– Балаларым менің полиция қызметкері екенімді біледі. Кейде олар: "Анашым, сен адамдарды қорғайсың ба?" – деп сұрайды. Мен "иә" деп жауап бергенде, олардың көздерінен мақтанышты көремін. Бұл – мен үшін ең үлкен марапат, – дейді Еңлік.
Қызметінің тығыздығына қарамастан, ол әрдайым отбасына уақыт бөлуге тырысады. Балаларын тәртіпке, құрметке, Отанға деген сүйіспеншілікке баулып өсіруде. Жақындары оның таңдаған жолын түсіністікпен қабылдап, әрдайым қолдау көрсетеді. Ал қиын сәттерде ол әкесінің: "Ешқашан рухыңды түсірме, алға ұмтыл" деген сөздерін есіне алады.
Еңлік Ережепбаева – күш пен нәзіктікті, мансап пен отбасын, спорт пен өнерді үйлестіре білген нағыз қайсар жан. Ол өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, отбасының ұйытқысы, спортшы және өнер иесі бола алатынын дәлелдеді.
– Ең бастысы – өзіңе сену. Өзіңізге шектеу қоймаңыз. Егер мақсатыңыз болса, әйел бәріне қол жеткізе алады, – дейді ол.