Қайырымдылық жәшіктерін бұзған түркістандықтар әшкереленді
Қызылорда облысында бірнеше мешітке ұрлыққа түскендер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыз айының 19-ынан 20-сына қараған түні Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында орналасқан бірнеше мешітте ұрлық деректері орын алған. Ұрылар мешіттерге түнде терезе арқылы кіріп, қайырымдылық жәшіктерін бұзып, жалпы сомасы 154 мың теңге ақшаны алып кеткен. Бұл туралы Жаңақорған аудандық полиция бөліміне зардап шектен мешіттердің имамдары хабарлады.
Хабарлама бойынша іздестіру жұмыстары жүргізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде күдікті екі азамат ұсталды. Күдіктілердің ағайындылар екені анықталды. Олар Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Ағайынды екеу жасаған қылмыстарын мойындап, ұрлаған ақшаларын өз қажеттіліктеріне жұмсап жібергенін айтты. Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармақшасына сәйкес (Тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.