Қала әкімі тәртіп сақшысын алғыс хатпен марапаттады
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пандемия кезінде қызмет еткен бірқатар қала тұрғындарын марапаттады, олардың ішінде Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің қызмет инспекторы Алмас Өмірәлиев те бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Коронавирус пандемиясы кезінде денсаулық сақтау саласының мамандары, әскери қызметшілер мен сарбаздар, құқық қорғау органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз өмірлерін қауіпке тігіп, халыққа тікелей қызмет көрсеткені белгілі.
Қала әкімі тарапынан марапатқа ие болғандар қатарында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің қызмет инспекторы Алмас Өмірәлиев те бар.
– Мен бала кезімнен полиция қызметкерлерінің жұмысына қызығып, бұл мамандықтың кез келген уақытта, кез келген қоғамда қажетті екенін түсіндім және де болашақта полиция қызметкері болуды армандадым, — деп бөлісті Алмас.
Ата-анасы мен жақын туыстары оның өмірін осы қызметке арнағанына толық қолдау білдіреді. Өзі қайсар Алмас бос уақытында спортпен шұғылданып, жас қызметкерлерге үлгі көрсетеді.
– Балалық шағынан Алмасымды үнемі жауапкершілікке, адамгершілікке, адалдыққа үйреттім. Әлсіздерді қорғап, кішілерге үлгі болғанын қаладым. Міне, соның нәтижесі болар балам құқық қорғау саласында табанды қызмет ақтарып жүрген адал қызметкерлердің бірі. Қала әкімі тарапынан алған марапаты да сол еңбегінің жемісі деп білемін, – деді оның анасы Құралай Бимурзаева.
– Отанды сүю – отбасыдан басталады. Әкемнен ерте айырылған мен анам мен әпкелеріме барынша қорған болуға тырыстым. Мен халық арасында жүргенді ұнатамын. Қоғамға пайдам тисе екен деймін, – деді ол.