Қала көшелерінде спирттік ішімдік ішкен 5 мыңнан астам павлодарлық жауапқа тартылды
Қала көшелерінде спирттік ішімдік ішкені үшін бес мыңнан астам павлодарлық жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық жерде мас болу-бұл қоғамдық тәртіпті бұзу. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың едәуір бөлігі алкогольдік ішімдіктің салдарынан жасалады.
– 2021 жылы Павлодар облысының аумағында қоғамдық орындарда мас күйде болған 5 400 адам ұсталды. 1 тамызда «102» нөміріне Павлодар қаласының тұрғыны қоңырау шалып, подъездің жанында жастардың спирттік ішімдік ішіп отырғандарына шағымданған. Аталған жерге келген полицейлерден жастар қашпақ болған, алайда олар қызметкерлерден қашып құтыла алмады, – деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Барлық тәртіп бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осындай фактіні тәртіп сақшылары кезекті патрульдеу кезінде Ертіс өзенінің жағасында анықтады. Бұл жағдайда демалушылар жағалауда отырып ішімдік ішкен. Медициналық куәландыру олардың орташа мас күйінде екенін көрсетті. Сондықтан әрқайсысына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.