Қала тыныштығын күзеткен учаскелік полицейдің бір күні
Ақтөбе қаласындағы қарқынды дамып келе жатқан Есет батыр тұрғындар алабында күн сайын қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген учаскелік полиция инспекторы – Бексұлтан Үкібай өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, халықпен тығыз байланыс орнатқан тәртіп сақшыларының бірі. Ол туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Полиция капитаны Бексұлтан Үкібай – Ақтөбе қаласында күн санап қарқынды дамып келе жатқан Есет батыр тұрғындар алабындағы 1-шағын ауданның учаскелік полиция инспекторы. Ол өзіне бекітілген аумақтағы қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігіне жауапты.
Инспектордың қызмет көрсету аумағында 5 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Мұнда мектептер, супермаркеттер, дүкендер, көңіл көтеру орындары және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар орналасқан. Осындай ауқымды аумақтың тыныштығын сақтау – үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет.
Күнделікті жұмысында Бексұлтан Үкібай әкімшілік аумағын аралап, тұрғындармен тұрақты түрде жүздеседі. Ол үшін тек құқық бұзушылықтардың алдын алу ғана емес, айналаның тазалығы, аумақтың тыныштығы, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен шағымдары да ерекше назарда. Әрбір мәселені назардан тыс қалдырмай, уақтылы әрі тиімді шешуге тырысады.
Есет батыр тұрғындар алабының халқы учаскелік инспекторды жақсы таниды. Көшеде кездестіре қалса, балақайлар қуана амандасса, ауданның үлкендері күнделікті өмірде кездесетін өзекті мәселелерін ортаға салады. Ал учаскелік полиция инспекторы әрбір тұрғынды тыңдап, көмектесуге әрдайым дайын.
