Қалта ұрлығына қатысты күдіктілер ұсталды
Шығыс Қазақстан облысында қалта ұрлығының саны күн санап артуда,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласында қалта ұрлығы азаяр емес. Ағымдағы жылдың қаңтар
айында ұрлық бойынша 30 шақты дерек тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өскенін көрсетеді. Қалта ұрлығының көпшілігі
қоғамдық көліктерде орын алады. Әсіресе 12, 10, 42, 33-ші автобустарда жиі
қайталануда. Ұрылар адамдардың жұмысқа баратын немесе қайтатын
уақытында аялдамаларды жиі торуылайды.
Қаңтар айының басында Өскемен қаласы Полиция басқармасы
криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бірнеше қалта ұрыларын
қолға түсірді. Ұрылардың бірі № 42 автобуста жолаушының сөмкесінен 40
мың теңгені қолды етсе, тағы бір азаматшаның қалтасынан ақша толы
әмиянын жымқырған. Әрбір қылмыстық әрекет аясында Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктілер қамалды.
– Біздің статистикаға сәйкес қалта ұрлығының дені қоғамдық көліктер мен сауда үйлерінде, яғни адам көп шоғырланатын орындарда жасалады. Қала тұрғындары мен қонақтарға сөмкелері мен қалталарына абай болып, сақтық шараларын күшейтуге кеңес береміз, – деді Өскемен қаласы Полиция басқармасының бастығы Даур Ибраев.
Қазіргі таңда барлық сауда орындары мен қоғамдық көліктерде қалта ұрлығымен айналысатын күдікті ұрылардың бейнелері салынған плакаттар ілінген. Бұл қалта ұрлығының алдын алу мен жолын кесуде нәтиже береді .