Қамысты ауданының тұрғынынан есірткі табылды
Қамысты аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары марихуана тасымалдаған 47 жастағы жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Адаевка ауылында учаскелік полиция инспекторлары күдік тудырған «Renault Duster» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлікте екі жергілікті тұрғын болған.
Полиция қызметкерлері тексеру кезінде жүргізушіден ішінде ашық жасыл түсті зат бар целлофан түйіншегін тапты.
Өткізілген сараптама қорытындысына сәйкес алынған зат салмағы 11,53 гр кептірілген марихуана екені белгілі болды.
Қазіргі таңда аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Сонымен қатар аудандық сот шешімі бойынша жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұрын сотталған 47 жастағы азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.