Қапшағайда көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші көлік басқарып жүрген
Қапшағай полициясы жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың 1 қарашасында Қапшағай қаласында сағат 01.00 шамасында патрульдік қызмет взводының инспекторы қозғалысы күдік тудырған «Митсубиси Паджеро» автокөлігін тоқтатқан.
Құжаттарды тексеру кезінде көлікті жүргізіп келе жатқан 31 жастағы жергілікті тұрғыннан алкогольдік ішімдіктің иісі шығып тұрған. Өткізілген сараптама қорытындысына сәйкес жүргізуші орташа дәрежелі алкогольдік масаю күйінде болған. Бұдан басқа коммерциялық құрылымдардың бірінің директоры болып табылатын жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін 2019 жылдың 16 қаңтарында 3 жылға көлік басқару құқығынан айырылған.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркелді.
Күдіктінің автокөлігі айып тұрағына қойылды.
– Мен барлық жүргізушілерді жолда абай болуға, жол ережелерін қатаң сақтауға және мас күйінде көлік жүргізбеуге шақырамын. Өйткені бұл іс-әрекеттер қалпына келтірілмейтін салдарларға және адам өліміне әкелуі мүмкін,- дейді Қапшағай қалалық ПБ ЖПҚБ бастығы Талғат Базиев.