Қар басқан жолда 97 көлік тұрып қалды
Шығыс Қазақстан облысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолаушылар эвакуацияланды,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында 11-ақпан күні дауылдық ескерту жарияланды. Азаматтар СМС-хабарлама, «Дармен» ұялы қосымшасы және ақпараттық агенттіктер арқылы ауа-райы жағдайы туралы, елді-мекеннен тыс шығудан бас тарту қажеттігі туралы хабардар етілді.
Жауған қар мен қатты соққа жел автожолдарда кедергі тудырады. Жол техникасы осы учаскелерді тазалап жатыр, алайда жел қарды үйіріп,қайта жауып тастайды. Алыс жолға шығып, тәуекелге бел буған және борасындарда қалып қойған азаматтар көп уақыт бойы тас жолдарда құтқару техникаларын күтулеріне тура келеді. Кейде боран басылғанша бірнеше сағат тосуы да мүмкін. Осы уақытта жанармай бітіп, автокөлікті қар басып қалуы ықтимал. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді.
«Өскемен-Алтай-Катонқарағай-Рахман қайнары» автомобиль жолында күрделі жағдай қалыптасты. Қар басқан жолда 97 көлік тұрып қалды. Зардап шеккендерден көмек сұрап қоңыраулар түсіп жатты. Орынға Алтай қалалық № 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары өтімділігі жоғары техникамен шықты. Микроавтобустан 6 адам шығарылды, қалған 303 адам, оның ішінде 36 бала эвакуациядан бас тартты. Аталмыш учаскеде «Казахавтожор» техникасы, «Алтай тәртіп» ЖШС техникасы жұмыс істеді, олар түзілген колоннаға жол салып берді, ал оларды тазаланған учаскеге дейін жергілікті атқарушы органдар, полиция мен 3-МӨСБ мамандары ертіп шығарды. Бұған дейін осы жолдағы өзге учаскеде 2 адамға эвакуация жасалды.
«Бізге автокөлікті жолдан тайып кетіп, адамдарға көмек қажет екендігі туралы хабар келіп түсті. Біз дереу УАЗ көлігімен шықтық. Снегирево ауылына қарай шамамен 3 шақырымда жолды үрлеп тастайтын учаске бар еді. Көзге түрткісіз түтек боранда жол төселген аппақ матадай болып көрінді. Біз көлігімізді тастап зардап шегушілерге жаяу баруымызға тура келді. Орынға жеткен кезде жолда оталмай тұрған көлікті көрдік. Жүргізуші мен жолаушыны алып кеттік, көлігімізге алып келіп, Алтай қаласына дейін жеткізіп тастадық» – дейді құтқару операциясы туралы Алтай қалалық МӨСБ бастығының орынбасары Ахмет Сайлаубаев.
11.02 күні «Өскемен-Самар» облыстық маңызы бар жолда боранға 15 көлік тап болған, онда 70 адам болған. Жүргізушілердің бірінің халі нашарлап кеткендігі туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына жедел-құтқару жасағы мен апаттар медицинасы орталығының ШҚ филиалы мамандары жіберілді. Көліктер жиналып қалған жерге жетпестен Камаз көлігі мен апаттар медицинасы орталығының көлігі түзілген колоннаға дейін 8 шақырымда жете алмай қар құрсауында тұрып қалды. Әрі қарай тек қана ТРЭКОЛ ғана өте алды. Орынға жетісімен құтқарушылар барлық көліктерді қарап шықты, алайда зардап шеккендер болмады және эвакуациядан бас тарып, жолдың тазаланғанын күтті. Құтқарушылар келген кезде «ОблШығысЖол» күшімен жол тазаланып жатты. Содан кейін барлық көліктер жолдың тазаланған бөлігіне шығарылды.
Тағы бір учаскеде қар құрсауында 54 көлік тұрып қалған. «Омск- Майқапшағай» республикалық маңызы бар жолдағы 967 шақырымды қар басып қалған. Көкпекті ауылының №№-ӨСБ мамандары шынжыр табанды сүйреткішпен оқиға орнына шықты. Көкпекті ауылынан 30 шақырым асқанда 24 жүк көлігін, 30 жеңіл көлікті көрген. 22 жолаушы мен жүк көліктерінің жүргізушілерін эвакуациялады, жол бойынан жол тазалау техникасын кездестіріп, олармен жеңіл көлік колонналарымен тазаланған учаскеге еріп жүру үшін кері қайтты. Барлығы облыстың жолдарынан жергілікті атқарушы органдар, жол қызметтері, полиция мен құтқарушылар 2020 жылғы 11 ақпанда 30 адам құтқарылды, 463 адам эвакуацияланды, және қар құрсауынан тазаланған учаскеге дейін 142 көлік құралы ертіп шығарылды.
Облыс тұрғындарына дауылдық ескерту туралы хабарлама алған кезде елді-мекеннен тыс шығудан бас тарту туралы тағы да еске саламыз. Егер де шығу аса қажет болса жолдағы жағдайларды «Казахавтодор» 26-28-08, «Облшығысжол» 57-42-52 телефондары бойынша нақтылау керек. Көліктеріңіздің жарамдылығын тексеріңіз, қосымша жанармай, жылы киім, дәрі қобдишасы, азық-түлік алып жүріңіз.