Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды академиясында 53-шығарылым түлектеріне диплом табысталды

Қарағанды академиясында 53-шығарылым түлектеріне диплом табысталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

14 маусымда Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында 53-шығарылым түлектеріне арналған диплом табыстау рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адилов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, облыстың құқық қорғау органдарының басшылары мен ардагерлері, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.

Рәсім барысында түлектерге жоғары кәсіби білім алғанын растайтын дипломдар ресми түрде табысталды. Қонақтар жас офицерлерге құттықтау лебіздерін білдіріп, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында адал қызмет етуге шақырды.

Шараның ерекше сәттерінің бірі - курсанттар вальсі болды. Музыка ырғағымен орындалған вальс – түлектердің академиямен қимастықпен қоштасуының символына айналды. Бұл әсерлі көрініс көрермендерге жылы сезім мен ұмытылмас әсер сыйлады.

Академия басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы түлектерге жүрекжарды тілектерін арнап, олардың алдағы қызмет жолында табысты болатынына сенім білдірді.

Бұл күн – түлектер үшін тек оқу кезеңінің аяқталуы ғана емес, сонымен бірге құқық қорғау саласындағы жауапты әрі абыройлы жолдың бастамасы болды.

Жауап қалдыру