Қарағанды академиясының доценті Талдықорғандағы кадет сыныптарының түлектерімен кездесті
Қарағанды академиясының доценті Талдықорғандағы кадет сыныптарының түлектерімен кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылғы 26-27 ақпан аралығында ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының криминалистика кафедрасының доценті А.Е. Туткушев кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында Талдықорған қаласы мен Өтенай ауылындағы оқу орындарына барып, 11-сынып түлектерімен кездесті.
26 ақпанда А. Е. Туткушев Талдықорған қаласының №14 және №18 орта мектептерінің кадет сыныптарының оқушыларымен кездесті. Ол Қарағанды академиясының оқу жүйесі, түсу талаптары және білім алудың артықшылықтары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
27 ақпанда криминалистика кафедрасының доценті кәсіптік бағдарлау жұмысын Өтенай ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы №10 гимназия мен мектепке дейінгі шағын орталығы бар №21 орта мектебінде жалғастырды.
Кездесу барысында болашақ талапкерлерге академияда білім алудың мүмкіндіктері жайлы жан-жақты ақпарат берілді. Олардың қатарында: тегін жатақханамен қамтамасыз ету; шәкіртақы төлеу; тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз ету; тегін медициналық қызмет көрсету; демалыс кезінде жолақысын төлеу; академияда оқыған жылдарды әскери қызмет өтілі ретінде есептеу және құқық қорғау органдарындағы еңбек өтіліне қосу; оқу орнын бітірген соң түлектерге «полиция лейтенанты» офицерлік атағы және «бакалавр» академиялық дәрежесін беру; оқу аяқталғаннан кейін кепілді түрде жұмысқа орналастыру.
Осындай кездесулер жастардың болашақ мамандығын таңдауда маңызды рөл атқарады және оларды Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында қызмет етуге ынталандырады.