Қарағанды колониясында суицидке қарсы шығармашылық акция ұйымдастырылды
Қарағанды қаласындағы № 33 түзету мекемесінде суицидке қарсы бағытталған шығармашылық акция өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Психологтардың жетекшілігімен сотталғандар арасында «Бұл әлем қандай әдемі», «Менің болашағым», «Менің босағаннан кейінгі өмірім», «Менің отбасым», «Менің мақсаттарым» сынды тақырыптарда сурет, шығарма және өлең байқаулары ұйымдастырылды.
Бұл бастаманың басты мақсаты — сотталғандарға шығармашылық арқылы ішкі ойлары мен сезімдерін білдіруге мүмкіндік беру, олардың өмірдің жарық тұстарына назар аударып, өзгерістерге деген құлшынысын ояту болды. Қатысушылар табиғаттың әсемдігін, адам арасындағы үйлесімділікті және өмірдің қуанышын бейнелейтін туындыларын ұсынды. Әр түрлі материалдар – түрлі-түсті қарындаштардан бастап, акварель мен гуашьқа дейін кеңінен қолданылды. Суреттер жарқын түстерімен және жақсы болашаққа деген сенімді көрсететін символдық бейнелерімен ерекшеленді. Ал әдеби шығармаларда сотталғандар өздерінің босатылғаннан кейінгі өмірге деген үміттері мен армандарын жеткізіп, болашаққа қатысты ойларымен бөлісті. Олар ішкі өзгерістерге ұмтылысын, өмірге деген жаңа көзқарасын ашып көрсетті.
– Шығармашылық іс-шаралар сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне және психологиялық оңалуына елеулі үлес қосады. Мұндай бастамалар олардың қоршаған ортаны қабылдауын өзгертеді және өмірдің таңғажайып сәттері мен өзін-өзі жүзеге асыруға мол мүмкіндік беретінін ұғындырады. Бұл әлеуметтік қалпына келу жолындағы маңызды қадам, – деп атап өтті мекеме психологтары.