Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облыстық ПД-да ерлікпен қаза тапқан Қайрат Жұмабековті еске алу шарасы өтті

Қарағанды облыстық полиция департаментінде қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Қайрат Жұмабековтің отбасына құрмет көрсету іс-шарасы өтті. Шараға батырдың жары мен артында қалған қызы қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер органдары және Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен игілікті іс –шара барысында арамыздан ерте кеткен тәртіп сақшысының жасаған ерлігі мен атқарған жұмысы еске алынып, әкенің мейірімінен ерте айырылған қызы Дилараға ардагерлер атынан қамқорлық көрсетіліп, оқу ақысын төлеу үшін қомақты қаржы берілді.

– Ардагерлер кеңесінің басты міндеті – ішкі істер саласында сындарлы жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан әріптестерімізге қамқорлық таныту. Сондай-ақ біз қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан әріптестеріміздің де отбасын ешқашан ұмытпаймыз. Оларға көңіл бөліп, қолымыздан келгенше көмек көрсету біздің басты міндетіміз. Бүгін, арамыздан ерте кеткен бауырымыз Қайрат Жұмабековтің отбасын шақырып, құрмет көрсеткелі отырмыз. Қызымыз Дилара жоғарғы оқу орынының бірінші курсында оқитынын білдік. Сондықтан Қайраттың жарына көмек болсын деген ниетпен, Дилараның оқу ақысына 620 мың теңге ақша бөліп отырмыз. Баламызға ақ жол тілеп, таңдаған мамандығын абыроймен аяқтап, үлкен мамандық иесі болсын, – деді іс-шара кезінде сөз алған Қарағанды облысы ішкі істер органдары және Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұман Нұрпейісов.

Ия, Қайрат Жұмабеков тәртіп сақшысына тән ерлік танытып, небәрі 30 жасында 130 бала мінген автобусқа төнген қауіптің алдын алып, көлденең келген кесапатқа өзінің қызметтік автокөлігін тосып, фәниден бақиға аттанып кетті. Қыршын ғұмыр қиылғанда артында өрімдей қызы мен әке жолын жалғар ұл қалған еді.

Бүгінде ұлы Ғалым әке жолын қуып ішкі істер органдарында қызмет атқарса, қызы Дилара Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің шет тілдері факультетінде бірінші курсында білім алады. Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын. Әкенің көзін көрген көне көз қарияларымыздың батыр ұрпағына жасаған қамқорлығы кім –кімді болмасын толқытпай қоймасы анық. Білімін ұштауға көмек қолын созған ардагерлерге Қайраттың қайсар қызы іс-шара соңында алғысын білдіріп, әкенің даңқты есіміне кір келтірмеуге серт берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру