Қарағанды облыстық ПД-да "Ұлттық киім – ұлт қазынасы" атты танымдық іс-шара өтті
Қарағанды облыстық полиция департаментінде "Ұлттық киім – ұлт қазынасы" атты танымдық іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында облыстық полиция департаментінің мұражайында "Ұлттық киім – ұлт қазынасы" атты танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға ішкі істер органдарында қызмет атқаратын түрлі ұлт өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылуында департамент бастығының орынбасары Дәурен Ибраев қатысушыларды құттықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап өтті.
- Сіздерді Ұлттық киім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, салт-дәстүрімізді жаңғыртатын ерекше мереке. Ұлттық киім – халқымыздың тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Біз, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, елдің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, ұлттық бірегейлігімізді сақтауға да үлес қосамыз. Сондықтан төл мәдениетімізді дәріптеу – әрқайсымыздың парызымыз, – деді Дәурен Ибраев.
Іс-шара барысында департаментте қызмет атқаратын жеті ұлттың өкілдері өз халықтарының ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын таныстырды. Әзірбайжан ұлтының өкілі, Октябрь полиция бөлімі жедел криминалистика бөлімшесінің бастығы Арзу Велиев өзінің ұлттық тағамы – пахлаваның әзірлену әдісін айтып, әріптестерін Наурыз мерекесімен құттықтады.
Мерекелік жиында ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлер де қонақ болды. Олар шашу шашып, жас қызметкерлерге ақ баталарын берді.
- Жастар – біздің болашағымыз. Баршаңызға ұлыстың ұлы күні жақсылық тілеймін. Әз Наурыз құтты болсын, – деді ардагер Раиса Баирленова.
Жиын соңында іс-шараға белсенді қатысқан қызметкерлерге департамент бастығының алғыс хаттары табысталды. Осындай игі шаралар арқылы ұлттық бірлігіміз нығайып, мәдени мұрамызды дәріптеу дәстүрі жалғасын таба береді.