Қарағанды облыстық ПД-ның тергеу-криминалистикалық оқу орталығына Нұрлан Рахымберлиннің есімі берілді
Қарағанды облыстық полиция департаментінде тергеу-криминалистикалық оқу орталығына полиция генерал-майоры Нұрлан Армияұлы Рахымберлиннің есімін беруге арналған салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға департамент басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, жас қызметкерлер және Нұрлан Рахымберлиннің немересі қатысты. Алдымен оқу-жаттығу полигонының алдындағы қызыл лентаны кесу рәсімін департамент бастығы Санжар Әділов пен Нұрлан Рахымберлиннің қызы Әсел Рахымберлина кесті.
Полиция генерал-майоры Н.Рахымберлиннің атына берілген оқу орталығында марқұмның құрметіне арналған естелік бұрышы ашылып, оның өмір жолы мен ішкі істер органдарына қызметке тұрып, Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің бастығы болғанға дейінгі қызмет жолынан сыр шертетін естеліктер жазылған стендтер ілінген. Атына берілген тергеу-криминалистикалық оқу орталығын Нұрлан Рахымберлин 2009 жылы ішкі істер департаментінің бастығы болған уақытта ашып, жас тергеушілермен криминалистерді қызметке баулуды осы орталықтан бастағанын атап өтпеске болмас.
– Генерал Рахымберлин өзінің білімі мен еңбекқорлығының арқасында тек Қарағанды облысының тергеу саласына емес, еліміз бойынша тергеу саласына үлкен із қалдырған тұлға. Департамент қызметкерлерінің қолдауымен бүгін Нұрлан Рахымберлин кезінде жас тергеушілермен криминалистерді оқыту үшін ашылған орталықты бүгін оның атына беруді жөн санап отырмыз. Бұл орталық тегеурінді тергеушілермен қылмысты ашуға зор үлесін қосатын криминалистерді дайындайтын үлкен орталық болатыны сөзссіз, – деді департамент бастығы Санжар Әділов.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құрметті ардагері Амангелді Бекжанов қатысты.
– Бұндай орталықты салу – үлкен іс. Қылмысты ашудың барлығы оқиға орнын жіті бақылап, қажетті ақпаратты жинаудан басталады. Егер тергеуші мен криминалист оқиға орнында сауатты жұмыс жасаса, онда қылмысты да ашу оңай болары сөзсіз, – деді Амангелді Бекжанов.
Жиын соңында марқұм Нұрлан Рахымберлиннің қызы Әсел Рахымберлина сөз сөйлеп, департамент басшылығы мен жеке құрамға әкесін еске алып, құрмет көрсетіп жатқандарына алғысын білдірді.