Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары жалпы саптық тексеріс өткізді
Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің плацында полиция қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан жауынгерлерінің жалпы саптық таратылымы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған шараға учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық полиция және жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері қатысты.
Жалпы саптық таратылымның алдында Департамент бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов полиция қызметкерлерінің нысандық киімдерін, сонымен қатар бейнежетон және арнайы құралдарын тексерді.
– Oблыстағы жедел ахуал тұрақты. Жалпы қылмыстардың тіркелуі төмендеді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр жарақаттар келтіру қылмыстары төмендеді. Сіздердің басты міндеттеріңіз қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап, жол жүру ережелерін бұзудың алдын алу, – деді Құрманғали Ысмағұлов.
Сондай-ақ Құрманғали Ысмағұлов полиция қызметкерлеріне оқиға орнына шығу барысында азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы мен олардың қауіпсіздігін қорғауды басты назарда ұстауды тапсырды.
Іс-шара соңы полиция қызметкерлерінің салтанатты шеруімен аяқталды.
Айта кету керек, Қарағанды қалалық Полиция басқармасы қызметкерлерімен қызмет өткеру барысында өткен демалыс күндері 1078 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.