Қарағанды облыстық полиция департаментінде Қазақстан полициясы күніне орай салтанатты іс-шара өтті
Қарағанды облыстық полиция департаментінде Қазақстан полициясы мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық полиция департаментінде Қазақстан полициясы мерекесіне орай салтанатты іс-шара болып өтті. Алдымен полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, ардагерлер және қаза болған тәртіп сақшыларының отбасы департамент ауласында орналасқан мемориалдық тақта тасына гүл шоқтарын қойып, қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан әріптестерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Осыдан кейін мерекелік іс-шара департаменттің мәжіліс залында жалғасын тапты. Залға жиналғандарды облыстың бас сақшысы Негмет Исмагулов құттықтады.
– Қазақстан полициясы күні – бұл егемен елімізде осынау құрылымды құрған тұлғаларға және ардагерлерге зор құрмет көрсететін күн. Еліміздің тыныштығы мен адамдардың қауіпсіздігі үшін жан қиған ерлерді еске алу күні. Өкінішке орай тәуелсіздік алған жылдары қылмыспен күресте Қарағанды облысы ішкі істер органдарының 86 қызметкері қызмет бабында қаза тапты. Антына адал беріліп, ерлікпен қаза тапқан әріптестеріміздің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Ал олардың отбасылары назарымыздан тыс қалған емес. Баршаңызды кәсіби мереке – Қазақстан полициясы күнімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығын күзету, Қазақстанды өркендету жолындағы қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді Негмет Исмагулов.
Құттықтау сөзінен кейін, өңірдің бас полицейі қаза болған тәртіп сақшыларының отбасына құрмет көрсетіп сый-сияпаттар ұсынды. Жастарға жол көрсетіп, кейінгі толқынды патриоттық рухта тәрбиелеп, ішкі істер органдарының қыр сырын үйретіп жүрген ардагерлерді де алғыс хатпен марапаттады.
Мерекеге орай қиыны мен қызығын қатар алып, ел тыныштығын күзету жолында алдыңғы қатардан көрініп жүрген тәртіп сақшылары Ішкі істер министрінің және полиция департаменті бастығының құттықтау хатымен марапатталды.
Мәселен Ішкі істер министрінің бұйрығымен төрт қызметкер уақытынан бұрын арнайы шен алса, екі қызметкерге атқарып отырған лауазымынан бір сатыға жоғары шен, 4 қызметкерге «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, 8 қызметкер «Ішкі істер органдарының үздігі» төс белгісімен, 13 қызметкер Ішкі істер министрінің грамотасымен, 13-қызметкер министрліктің алғыс хатымен марапатталса, 8-қызметкерге алғыс жарияланды.
Ал полиция департаменті бастығының бұйрығымен 61 қызметкер грамотамен, 59 қызметкер алғыс хатпен марапатталды және 44 қызметкерге алғыс жарияланды.
Іс-шара соңы концерттік бағдарламамен аяқталды.